Косово

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Republika e Kosovës
Република Косово / Republika Kosovo
Косово Республикасы
Косово және Метохия байрағы Косово және Метохия елтаңбасы
ӘнұраныЕвропа
Косово және Метохия орналасуы
Location of Kosovo on the European continent
Елордасы
(және ең ірі қаласы)
Приштина


42°40′N, 21°10′E

Ресми тілдері албан, сырпы
Танылған өңірлік тілдері боснақше, нашин тілі, түрікше, сыған
Этникалық топтары (2007) 92% албандықтар
  5.3% сербтер
  2.7% басқалар [1]
Үкімет түрі Бірқатар мемлекеттің мойындауындағы Тәуелсіздік Декларациясына сай Парламенттік Республика
 —  Президенті Фатмир Сејдију
 —  Премьер-министрі Хашим Тачи
Тәуелсіздігі1 Сербиядан 
 —  Жарияламасы 2008 Ақпанның 17 
 —  Мойындау
(жарым-жарты)
2008 Ақпанның 18 
 —  Су (%) n/a
Жұрты
 —  2005 сарап. 2,100,000[2] (141)
 —  Тығыздығы 220/km² (55)
Ұлттық ақшасы Еуро, Сербия динар (EUR)
Уақыт белдеу(лер)і CET (UTC+1)
 —  Жазғы уақыт CEST (UTC+2)
Интернет үйшігі None assigned
1 Тәуелсіздігі жартылай мойындалған.

Косово Республикасы — Югославия ыдырауының соңғы оқиғасында Сербиядан бөлініп шыққан ел.

17 ақпан күні Балқан түбегіндегі бар-жоғы 2 мил­лионға жуық халқы бар Косо­во­ның «үй ішінен үй тігіп», өз тәуел­сіздігін жариялап жіберуі — әлемдік қауымдас­тық­ты әрі-сәрі күйге түсіріп, бітіспес екі-үш жікке бөліп тастады. АҚШ бас­таған Батыс елдері кішкентай Косовоның тілеуін тілеп жатса, Ресей мен Қытай секілді сепаратизмді әрең ауыздықтап отырған алып елдердің ұйқысы қашты. Әліптің артын бағып отырған елдер және бар. Шынында, Косово тәуелсіздігі — халықаралық қауіп­сіздік үшін дабыл қағарлық жағдай болып тұр. Көптің көкейінде «Косово оқиғасы болашақта әлемді қайта бөлуге әкеп соқтырып жүр­мей ме?» деген үрей басым. Өйткені Ко­совоның ар жа­ғын­да бүкіл әлемде 200-ден астам тәуел­сіз­дігі таныл­ма­ған елдердің тағд­ы­ры талқыға түскелі тұр. Тәуелсіздігі тал­қыға түскен Ко­сово әлемді тағы да тығырыққа тіре­гендей.

Югославиядан бөлін­геннен кейінгі Ко­со­во:

Аумағы — 10 887 шар­шы шақырым

Халқы — 2 миллион, соның ішінде албан­дар 90 пайыздан астам

Астанасы — Приштина

ЖІӨ — 1,77 миллиард фунт

Даудың басы — Косово[өңдеу]

Әлқисса… Балқан түбегі екі ғасырдан астам уақыт бойы Еуропаның «оқ-дәрі толы бөш­кесі» деп аталып келді. 90-жыл­дарға дейін Балқан түбегін қ­ы­рық құрау халықтан тұратын Югославия мемлекеті тұтастай алып жатты. 1991 жылы сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп бара жатқан Югославиядан Сло­ве­ния «еншісін» алып шыққанда Белград оған танкімен басып кіргенімен, еш қайран қыла алмады. Хорватия мен Бос­ния­ның азаттығы жолындағы кү­рес­те 4 миллион адам опат болды. Югославияның мұрагері сербтер еді. Демократияшыл Батысқа әсіреұлтшыл сербтердің өзге аймақтарға басқыншылық әре­кеттері ұнаған емес. Ана бір жылдары НАТО хатшысы Хавьер Солананың Белградты бомбаның астына алып, серб­тер­ді сабасына түсіргені жұрт­шы­лықтың есінде. 1999 жылы НАТО-ның бітімгершілік әс­ке­рінің күшімен Косово ай­ма­ғынан Слободан Милоше­вич­тің әскері қуылды. Косово сол жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарары бойынша бір мезетте Сербияның құра­мын­дағы өлке және БҰҰ бақы­лауын­дағы өзін-өзі басқаратын ав­то­номиялық провинция болып са­нал­ды. Алайда әлемде 193-мем­лекет ретінде аталған дені мұсылман Косово елінің тәуел­сіз­дігі аз ұлттарды қан қақсатқан империялар үшін қорқыныш, азаттыққа талпынған ұлттар үшін үлгі-өнеге болып тұр. Ко­сово — батыстық құнды­лық­тарға арқа сүйейтін бірден-бір мұ­сыл­ман мемлекеті.

Косово — кімнің кӨсеуі?[өңдеу]

Косово 20 жыл бойғы азаттық жолындағы күресте мұратына жетті. Әрине, АҚШ және Еуроодақтың қолдап-қолпаштауымен. Осы кезге дейін жүргізілген халықаралық келісімдерде Сербия еркін автономия, ал Косово тәуелсіздіктің кез келген формасы үшін жан алысып, жан берісіп бақты. Алайда тәуелсіздік 20 жыл бойы төгілген қанның өтеуі ме, әлде дүние бөліске мүдделі алпауыттардың «тартуы ма?» Ол жағын нақты бағамдау қиын. Сарапшыларға сенсек, тәуелсіздіктің сценарийі алдын ала жоспарланған. Мәселен, Косовоның қызыл туын Түркияның «Сабах» баспасы дайындапты. Косово жетекшілерінің түркиялық компанияға 30 мың ту дайындауға тапсырыс бергені мәлім болды. Тәуелсіздік декларациясы да шынайы демократиялық құндылықтармен «тұздалғанға» ұқсайды. Ресей Думасының депутаты Виктор Заварзин: «Косовоның тәуелсіздік декларациясы қандай заңнамалық негіздерге сүйеніп жасалғаны мүлде түсініксіз. Бұл АҚШ мемлекеттік департаментінің қолымен әзірленген декларация», — деген күмәнді ойын білдірді. Түркияның мұсылманшылықпен қол созғаны түсінікті, ал ислам әлемінің ортақ жауы саналатын АҚШ-тың жаңа мұсылман мемлекетіне бүйрегі бұра қалғаны қалай? Аз-маз ауыл шаруашылығынан басқа байлықтан жұрдай Косоводан АҚШ-қа келіп-кетер пайда да шамалы. Бәлкім, бұл АҚШ-тың сепаратизм «сырқатына шалдыққан» алып елдерге көрсеткен қыры шығар. Қалай дегенмен Косово тәуелсіздігі — НАТО мен АҚШ-тың Ахтисаари жоспарының жемісі. Әзірше Еуроодақ пен НАТО Косоводағы қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігін өз мойнына алып отыр. Тәуелсіз Косово халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарарына сай, Еуроодақтың протектораты болып қала береді.

Жақтастар мен қарсылар[өңдеу]

АҚШ президенті Джордж Буш енді Косовоны тәуелсіз деп ресми түрде танитынын мәлімдеді. АҚШ президенттігіне үміткер Барак Обама да Косово мемлекетін қолдайтынын білдірді. АҚШ түшкірсе, жәрекімалласын ұмытпайтын елдердің қарасы мол. Жапония, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Хорватия, Аустралия, Түркия, Алмания тәрізді елдер Косово тәуелсіздігін мойындады. Аустрия, Польша, Финляндия, Дания, Швеция Косовоның тәуел­сіздігін танитынын мәлімдеді. Чехия, Эстония, тіпті Қырым үшін қырқысып жүрген Украина да Косово тәуелсіздігіне қарсы еместігін байқатты. Ал Еуроодақ ішінде Испания, Румыния, Словакия, Кипр, Грекия, Болгария Косовоның тәуелсіздігіне қарсылық білдірді. Косовоға әу бастан қарсы Қытай мен Ресейдің қатарына Вьетнам, Ливия және Индонезия қосылды. Сербия премьер-министрі Воислав Коштуница «Өлкенің тәуелсіздігін ешқашан танымайды, құрамына қайта қосып алу үшін жалған мемлекетпен күрес жүргізе береміз», — деген мәлімдеме жасады. Сөйткен Сербия Косовоның тәуелсіздігін таныған мемлекеттерден өз елшілерін кері шақырып алды. Сербия президенті Борис Тадич халықаралық ұйымдарды халықаралық құқық принциптеріне қайшы келетін актінің күшін тез арада жоюға шақырды. Сербия Косово мемлекеті басшыларын «жалған мемлекет» құрды деп айыптап, қылмыстық іс қозғағанымен, одан ештеңе шықпады. Епископ Артемий: «Косово — Сербияның ажырамас бөлігі. Косовосыз Сербия қол-аяғы мүгедек секілді халге түседі», — деп мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрлігі Косовоның уақытша өзін-өзі басқару органдарының тәуелсіздігін жариялап жіберуін құптамайды. Өйткені Сербияның егемендік құқы бұзылып, БҰҰ жарғысы, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарары, Хельсинки қорытынды актісі аяқ­асты етілді деп айыптап отыр. Сондықтан Ресей Сербияның территориялық тұтастығын сақтау жөніндегі әділетті талап­тарын барынша қолдайды. Мәскеу БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын шақырып, 1244 қарарға сәйкес реттеуді ұсынғанымен, болар іс болып, бояуы сіңген-ді. Ресей Думасының спикері Борис Грызлов: «Косово төңірегіндегі ахуал бүкіл­әлемдік қауымдастықты дүрлігіске алып келері сөзсіз. Косово сепаратизмінің Еуропа мен әлемдегі „отты нүктелерге“ май құятынын елемеу - саяси көрсоқырлық. Косово сепаратизмін қоздырушылар келеңсіздіктерде барлық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс», — деп мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Косовоға байланысты сұрақтарға «Ұлттар ұйымының тәуелсіздікті тану немесе танымау туралы өкілеттілігі жоқ. Тәуелсіздік БҰҰ хатшылығы тарапынан емес, мемлекеттер жағынан танылады», — деп жалтарма жауап берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Косово мәселесінде ортақ келісімге келе алмады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ашық жиынында Косово премьер-министрі Хашим Тачи Сербия мен Ресейді тәуелсіздікті тануға шақырды. Оның айтуынша, жалпы Балқан аймағындағы елдер арасында терең мүдделестік пен тамырластық бар. «Косовоның барлық азаматтарының құқы бірдей, ешқандай кемсітушілікке жол берілмейді. Біз барлық ұлттардың құқын қорғаймыз», — деді Хашим Тачи. Жігерлі Хашим Тачи соғыс жылдарында аса қатаң дала командирлерінің бірі болыпты. Сол үшін сарбаздар оған «Жылан» деген айдар таққан екен. Кеше ғана Косово парламенті өзінің сыртқы істер министрлігін, азаматтық және паспорт жүйесі, полиция, мәдени ескерткіштерді қорғау, әкімшілік бөліністі межелеу туралы 10 заңнамалық актілерді қабылдап үлгерді.

Халықаралық ұйымдардың ішінен Ислам конференциясы ұйымы суырылып шығып Косово тәуелсіздігіне тілектестігін білдірді. Сөзсіз, бұл ұйымның 57 мүшесінің атынан болмаса да, солардың басым бөлігінің ұстанымын көрсетіп береді. Қазақстан әрқандай бір мемлекеттің аумақтық тұтастығының бұзылуын және біржақты тәртіпте тәуелсіздік жариялауды құптамайтынын жариялады. ТМД елдерінен Тәжікстан мен Қырғызстан да Косово тәуелсіздігін мойындамады.

Косово синдромы салдары[өңдеу]

Ұлттар құқығы мемлекет­тер­ден маңызды деген желеумен «үй ішінен үй тігетін» Косово синдромы әлемдегі сепаратизм сырқаты бар елдерге «жұғуы» әбден мүмкін. Ертең «бұғаудағы» көптеген халықтар «біз кімнен кембіз?» деп желігіп шыға кел­мек. Саясаттанушы Алек­сан­др Князев: «Егер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Приштина парламентінің тәуелсіздік туралы деклара­ция­сының күшін жоймайтын болса, әлемдегі 200-ден астам таныл­ма­ған мемлекеттердің тәуелсіздігін тан­уға тура келеді», — деген пікір білдірді. Косово тәуелсіздігі біреуге қуаныш, біреуге қайғы. Шыңжаң мен Тайвань мәселесі­мен әуреленіп жүрген алып Қы­тай­ғ­а да жайсыз тиетіні жасырын емес. Жалпы, Косово мәселесі ТМД елдері ішінде Әзірбайжан, Армения, Грузия, Молдавия, Украина және Ресей үшін қолайлы емес. Қазірдің өзінде Кавказ аймағындағы тәуелсіздігі танылмаған елдердің көсемдеріне жел біте бастапты. Абхазия президенті Сергей Багапш «Ко­со­воға қарағанда біздің тәуел­сіздік алуға құқымыз зор», — деп желкесін күжірейтіп шыға келді. Косовоның артында Тайвань, Солтүстік Кипр түрік республи­ка­сы, Сомалиленд, Приднес­тро­вье, Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Таулы Қарабах, Вази­рис­тан, Тамил-Илам сияқты жүз­деген тәуелсіздігі мойын­дал­маған елдердің қалың көші келе жатыр. Енді әлемде тәуелсіздігі та­нылмаған мемлекеттер «ояна» бастаса, онда Косово синдромы жұқты дей беріңіз. Өйткені Косово синдромы біреуге бүлік, біреуге бақыт.

  1. Enti i Statistikës së Kosovës
  2. See: UN estimate, Население Косова оценивает диапазон от 1.9 до 2.4 миллионов. Последние две популяционных переписи, проводимые в 1981 и 1991 оценили население Косова в 1.6 и 1.9 миллиона соответственно, но 1991 перепись вероятно undercounted Албанцы. Последняя оценка в 2001 ОБСЕ помещает число в 2.4 миллиона.