Республиканың көп бөлігін теңізден 500 м. биіктіктегі жазық алып жатыр. Солтүстік-батысын Cахара шөлі, оңтүстігін және шығысын биіктігі 1155 м-ге дейін жететін тау жоталары қоршаған. Климаты — субэкваторлық, тропиктік шөл. Орташа температура қаңтарда 20°С, маусымда 35°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері солтүстігінде 50 — 150 мм, оңтүстігінде 1000 — 1500 мм. Нигер және Сенегал өзендері елді кесіп өтеді. Шөл, шөлейт жерлерге бейімделген өсімдіктер басым, оңтүстігінде саванналар орналасқан.
Мали аумағында орта ғасырларда Мали, Гана, Сонгай мемлекеттері құрылған. 13 ғасырда Мали патшалығы Гананы өзіне бағындырды. 15 ғасырда Мали патшалығы Сонгаи империясына қарады. 1591 жылы империя бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлініп кетті. 19 ғасырдың аяғында қазіргі Мали аумағы Францияның отарына айналды. 1894 жылы Нигер, Сенегал өзендерінің жоғарғы және орта ағысындағы жерлер Франция отары — Суданға қосылды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Француз Суданында ұлт-азаттық қозғалыс өрістеді. 1958 жылы Францияның жаңа конституциясына сәйкес Судан Республикасы атанып, Франция Достастығына мүше болды. 1959 жылы Судан мен Сенегал Мали федерациясына бірікті. Алайда федерация басшылары арасындағы алауыздықтың салдарынан 1960 жылы 20 тамызда Сенегал федерация құрамынан шықты. Сол жылдың 22 қыркүйегінде Судан республикасының заң шығарушы ассамблеясы Судан Республикасын ерікті және тәуелсіз Мали Республикасы деп жариялады. Мали 1960 жылы 28 қыркүйекте БҰҰ-ға мүше болды. 1968 жылы қарашада Мали де әскери төңкеріс болып, билік ұлт азаттық әскери комитеттің қолына көшті. 1991 жылы наурызда елде қайта төңкеріс болып, әскерилер биліктен кетті. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде көп партиялық жүйені енгізуді мақұлдаған жаңа конституция қабылданды. 1992 жылы елде жалпыға бірдей сайлау өтіп, азаматтық билік орнады.