Мұстафаның ғасыры

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған Мұстафа Ысмағұловтың есімін бұл күндері санаулы адам ғана білетін шығар. Өмір бойы туған жерінің тарихына қатысты деректерді тірнектеп жинаған, Совет өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Елеусін Бұйрин секілді ұлт арыстарының есімі мен еңбектерін жарыққа шығаруға тырысқан, қазақтың тұңғыш басылымдарының бірі «Қазақстан» газеті туралы көптеген дерек жинап қалдырған, алашордашылардың атын атауға тиым салынған уақытта сол «Алаш» партиясының үні болған «Ұран» газетінің тігіндісін жинақтап кеткен... осы бір ғалымның еңбегі күні бүгін ғана – Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз тарихын өзі зерттей бастағанда ғана бағасын алды! Шынында да, соңғы жылдары қазақ баспасөзінің тарихына байланысты ізденістерімізге дәл осы Мұстафа Шәмбілұлы жинап кеткен деректер көп көмек болды.

2012 жылы баспа бетін көрген «Қазақстан» газеті, 1911-1913», 2013 жылы басылған «Қос газеттің тарихы» кітаптарына Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы Мұстафа Ысмағұлов қорының материалдары молынан пайдаланылды. Сол бір сарғайған парақтарды қарап отырып, Мұстафа ағамыздың Совет идеологиясының «тұтқынында» жатқан Алаш арыстарын ақтауға барын салғанын байқаймыз. Шәңгерей мен Ғұмардың, Ғабдолғазиз Мұсағалиев пен Елеусін Бұйриннің еңбегін барынша қызыл саясатқа ыңғайлап, «Қазақстан» газетін большевиктік бағыттағы басылым ретінде де көрсетпек болады. Әрине, оған көзі қырағы советтік идеология жол бермейді. «Қазақстан» газеті, оның маңындағы тұлғалар туралы тек тәуелсіздік тұсында ғана ашық айтыла бастады. Бірақ, осы тақырыпта талмай ізденіп, кезінде көзі тірі талай тұлғамен жолығып, мол мұраны жинақтап кеткен Мұстафа ағамыздың еңбегі болмаса, талай тарих із-түзсіз жоғалып кетер ме еді... Бір қызығы, Мұстафа ағамыздың тірнектеп жинаған деректері көп болғанымен, өзі туралы мәлімет өте аз сақталыпты. Күні бүгін ғалымның бізге белгілі өмірбаянында ақтаңдақ көп. Тіпті фотосуреті де қалмаған... Өмірінің біраз бөлігі мемлекеттік қауіпсіздік саласында құпия тапсырмалармен өткендіктен бе, өзі талай тұлғаның тарихын тасқа басып қалдырса да, өзін жарнамалауға құлықсыз болыпты. Өкінішке қарай, Мұстафа ағай жинаған барлық мұраны толық сақтап қалдық деу қиын... Биыл (жоғарыда айтқанымыздай) Мұстафа Ысмағұловтың туғанына 100 жыл толады. Бірақ еліміз бойынша да, Батыс Қазақстан облысында да ғалымның мерейтойына орай өткізілетін салтанатты шаралар тізбегі байқалмайды. «DANAkaz» журналы осы олқылықтың алдын алып, Мұстафа Ысмағұлов туралы топтама мақалалар шоғырын жариялауды жоспарлап отыр. DK Өнегелі өмірбаян Мұстафа Шәмбілұлы Ысмағұлов 1914 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық кеңесінің Свердлов атындағы (бұрынғы К. Маркс) кеңшарында кедей отбасында дүниеге келген. 1930 жылы бастауыш мектепті аяқтап, сол жылдың тамыз айында Қазақ орман техникумына түседі. Оқу барысында денсаулығына байланысты I курсын ғана тәмамдап, одан әрі оқуын тастайды. Денсаулығы қалпына келгеннен кейін Қызылорда сауда техникумына түсіп, аталмыш оқу орнын 1934 жылдың қыркүйегінде есепші-бухгалтер мамандығы бойынша аяқтайды. 1934 жылдың қыркүйегінде Қазақ Өлкелік комитеті комсомолының шешімі бойынша Қызылорда ҚР БЛКЖО-мен Балқаш өңірі құрылысы жұмысына шақырылып, онда бастапқыда есепші, кейін сельхозкомбинаттың материалдық бөлігі бойынша бухгалтер қызметін атқарып жүрген жерден 1935 жылдың қыркүйек айында Балқаш ҚР БЛКЖО (Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы) кері шақыртып, істерді басқарушы етіп тағайындайды. 1936 жылдың қазанында Тынық мұхит флотының кадрлығы жедел қызметіне шақыртылып, онда Владивосток қаласы маңындағы авиамектепте 120-шы авиабригадада оқып, одан денсаулығының жарамсыздығына байланысты 1937 жылдың қыркүйегінде шығып кеткен. 1937 жылғы желтоқсаннан 1939 жылдың қараша айына дейін Қарағанды осоавиахим мекемесінің облыстық кеңес төрағасы міндетін атқарушы болып қызмет атқарады. 1942 жылы Алматыдағы барлаушылар (контрразведчик) мектебін бітірген. 1954 жылға дейін НКВД саласында жедел уәкіл болған. МҚК (Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті) органынан босаған соң өз білімін толықтыру үшін ҚазМУ-дың журналистика бөліміне түсіп, 1960 жылы аяқтады. ҚазМУ-дің 3 курсын кешкі бөлімде, қалғанын сырттай бөлімде оқыған. Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтында 1957 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеді. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректер жинаған. Әсіресе, Боғда, Еспай, Сейтек, Зәмзәм Есжанова, т.б. күйлерін таспаға жаздырған. 1982 жылдан Махамбеттің «Шашақты найза, шалқар күй» атты жинағын шығаруға атсалысты және оның домбырасын тауып, республикалық халық аспаптары музейіне тапсырды. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды-құнды деректерді, архивтік материалдар мен фотосуреттерді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы тілінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Москва, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен тірнектеп жинаған. М.Ысмағұлов қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Елеусін Бұйрин, ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш туралы зерттеп, зерделеді. Аталмыш тұлғаларды зерттеген М.Ысмағұловтың деректері мен қолжазбалары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы. Зерттеуші деректері мен қолжазбаларында Бөкей Ордасынан шыққан қазақ оқығандарының ішіндегі елеулі, ірі тұлға – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933ж.ж.) жайлы тереңірек қарастырған. Азаматтан қалған асыл қазына Өзі туып-өскен Орал өңірінің өткен тарихына үңіліп, көпшілікке беймәлім ақиқатты ашуға ұмтылып, өмірбақи архив ақтарып, асыл қазынадай дерек іздеген ғалым Мұстафа Исмағұловты біреу білсе, біреу білмес. Халқының құрдымға кетіп бара жатқан қимас тарихын жоқтаушы еді ол. Шаңға бөккен қағаз сырына үңіліп, көненің көзі қарияларды іздеп, әңгімесін тыңдауға, бір деректің соңына түсіп, із кескен аңшыдай сарыла сарғаюға жетелеген намыс қысқан құштарлық шығар. Қазақ ССР Ғылым Академиясының философия және право институтында ғылыми қызметкер болған ол кісі 1983-1985 жылдары өзінің туған жері – Орал облысының Жәнібек ауданындағы Свердлов атындағы совхозда музей де ұйымдастырмақшы болыпты. Бірақ әртүрлі жағдайдың әсерімен контейнерге қайта тиелген архив Алматыға кері әкелініпті. Қанша уақыт босқа кетіп, еңбек еш болды? Бірақ ол «халық бір кезде болмаса, бір кезде жоқтар» деді ме екен, көзі жұмылғанша осы бір мақсатына адал кетіпті. 1991 жылы сәті түсіп, марқұм Мұстафа ағамыздың зайыбы, химия ғылымының кандидаты Сәнду Дүймағамбетовамен кездестім. Ол кісінің мақсаты да жарынан қалған архивті ел қажетіне асыру екен. Апайға жерлестерінің Ғабдолғазиз Мұсағалиевті жоқтап жатқанын айттым. Ол жөніндегі дерек бір болса, осы үйдегі архивтен табылып қаларын ескертіп өткен облыстық газет мақаласын көрсеттім. – Ағаңның архивінде бұл деректер бар. Келіп көр. Елге жариялап жазамын десең, қарсы емеспін, қалқам, – деген ақ шашты әз ананың лебізі мені сол үйге жетеледі. Кезінде ұстаздық қызмет атқарып, Гурьев пединститутында ректор болған, ер-азаматтар майданға аттанған кезде атқа мінген Сәнду апамыздың айтқан әңгімесі терең де мазмұнды еді. – Ағаңның соңына біраз түсіп, алып қалған қолжазбасының бірі – Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің қаламынан шыққан «Гүлжиһан» дастаны. Автор туралы бар дерек осы еңбекке кіріспеде жазылған, - деп, апай бір үлкен буманы алдыма қойды. Бұл дастанның арабша қолжазбасын Мұстафа ағамыз төрт ай отырып, аударып шығыпты. Сірә жеке кітап етіп бастыруға ниеттенген. Себебі филология ғылымының кандидаттары Б.Ысқақов пен И.Мәменов берген баға-рецензия да сол күйінде сақталыпты. ХХ ғасырдың басында-ақ Мысырдағы Каир университетін бітіріп, жеті шет тілін білген, дүниенің тылсым сырларын тану үшін сапар шеккен Ғабдолғазиз Мұсағалиев – әрі әдебиетші, әрі ақын болған. Ол тарих пен философияны еркін меңгеріп, Россияда шығып тұрған «Шора», «Тәржіман» журналдары мен «Уақыт» газетіне мақала жазған. Оның 1911-1913 жылдары халқымызға аттары белгілі қайраткерлер Б.Қаратаев, Е.Бұйрин, Ғ.Қарашевтармен бірге «Қазақстан» атты газет шығаруға белсене қатысуы да халықтың болашағын ойлаудан туған іс-әрекет емес пе? Сондай-ақ Жетісудағы «Мамания» медресесінде білім беріп, Ілияс Жансүгіровтей дүлдүл ақынның ұстазы болған. Қазақтың тұңғыш демократ журналисі Мұхамбетжан Сералинмен жақсы қарым-қатынаста жүріп, «Айқап» журналына мақала жазған. Мұстафа Есмағұлов өз қолымен былай деп жазыпты: «1917 жылы шілдеде Ғабдолғазиз Ордаға келіп, «Ұран» атты газет шығарған. Бұл газет Кеңестердің жартылай ресми орнына айналған... 1918 жылдың басынан бастап Ғабдолғазиз Бөкей губерниясында Кеңес өкіметінің нығаюына атсалысты. 1918 жылдың көкек-мамырында Бөкей Ордасында шақырылған кеңестердің І сьезіне делегат, ал сьезде оның төрағасы болып сайланды. Сьезден кейін Бөкей губерниясының халық ағарту комиссарының орынбасары болып тағайындалды... 1918 жылдың екінші жартысынан 1919 жылдың қазан айына дейін Ғабдолғазиз РСФСР-дің ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Қазақ бөлімінің Бөкейдегі бөлімшесі алқасының мүшесі болды. Сонымен бірге «Дұрыстық жолы» газеті мен «Мұғалім» журналының редакция алқасының мүшесі болып тағайындалады. (Бөкей облысындағы Кеңестердің І-ІV сьездерінің делегаты) Анда-санда Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрамына да еніп жүрді. (20-шы жылдарға дейін) Мұнан соң таза әдеби-творчестволық жұмыстармен айналысады. Өмірінің соңғы жылдары Алматыға көшіп келіп, 1933 жылы қайтыс болады.» Бұл деректерді Мұстафа ағамыз Орда өңіріндегі Бисенғали Жұмашев сынды Ғабдолғазизді жақсы білген ардагер ақсақалдардан жазып алған. Бисенғали Жұмашевтің «Ұран» газетіне» атты өлеңі де бар. Үміті жас «Ұраным», Құтты болсын құралың, Өмірің ұзақ болсын деп, Мен де бір тілеп тұрамын. Мен де қазақ баласы, Көңілімнің жоқ аласы, Басшыға тойған ел емес, Қазақтың кең даласы. Басшы болсаң ел баста, Біз ерелік, сен баста. Артыңа ерген халқыңды Адастырмай жөн баста. Осы бір қарапайым жолдарда халықтың болашаққа деген сенімі, күні бүгін де мәнін жоймаған, аңсаған арманы жатқан жоқ па? Ал, енді Ғабдолғазиз жазып қалдырған «Гүлжиһан хикаясы» атты лиро-эпостық дастанға оралайық: «...Әл-Фарабиден бұрын да, кейін де Араб елдеріне барған, оқу бітіргесін атажұртына қайта оралмаған қазақтар көп болған. Әбд-әл-Мәлік заманында жаңа жыл санауша 685 жылы, яғни Әбу Насыр Әл-Фарабиден екі ғасырға жуық бұрын араб елдеріне Кердері руынан Асылбек және Қасымбек атты ағайынды екі жігіт оқуға барыпты. Асылбек пен Қасымбек халифтің алдында сынға түседі. Халиф Асылбекті Дарил Фунинге (университетке) оқуға қабылдайды. Ал Қасымбекті «қаражүрек, күншіл, жалақор» деп, қабылдамайды. «Гүлжиһан хикаясы» Асылбектің келіншегінің есімімен аталған екен. араб тілінде жазылған ортағасырлық осы дастанға Ғабдолғазиз ерекше қызығып, жаттап алыпты. Ол араб, парсы түрік, орыс, француз, ағылшын тілдерінде мүдірмей оқып, ана тілімізге шебер аударып жазатын, зор білімді азамат болатын.» Мұстафа Ысмағұлов Ғабдолғазиз Мұсағалиевті көзімен көрген екен. 1926-28 жылдары Ғабдолғазиз Мұсағалиев дастанды қазақ тіліне аударып, арабша қолтаңбасы жақсы Ахуат Жұмағалиев, Хамза Ишанғалиев, Бисенғали Мұратов, Ахмет Батыров (мұғалім), Ғарифолла Хайырлиевтерге айтып отырып, дәптерге жаздыртыпты. Бұл дастанды елдегі жәдитше сауаттылар екі қонып жететін жерден келіп, көшіріп әкетеді екен. Ол кезде кино, радио, театр жоқ қой. Ал, дастан елден-елге, халық сахнасына тарап кеткен... 1927-1929 жылдары латынша оқу, жазу басталды. Соның салдарынан «Гүлжиһан» дастаны баспаға берілмеді. Ал, Ғабдолғазиз дүниеден озды. Ол аударған «Гүлжиһан» дастанын әйелі Бәдиғұл анасы Әйнөкке берген. Әйнөкке Мұстафа ағамыз 1959 жылы 6 қарашада Көлборсыға іздеп барыпты. Ғайнетден Жаманбалиновтың үйінде Әйнөкпен әңгімелескен. Сонда «Гүлжиһанды» сұрағанда, Әйнөк: «Мен бұл дастанды кемпірлермен бас қосқанда оқып жүрмін. Қазір бере алмаймын. Өзіме уақыт жетерде жайық беріш Ғайнеденге «Гүлжиһанды» Мұстафаға тапсыр деп аманат етемін, - депті. Мұстафа ағамыз 1968 жылы тамыз айында Ғайнеден Жаманбалиевке арнайы барып, аманат «Гүлжиһанды» алыпты. Мұстафа ағамыз көзі тірісінде «Гүлжиһан» дастаны бойынша телесценарий жасауға күш салған. Ал «Мырқын батыр, Қорлыға, Биша» атты жырды қолға алғанмен, ақырына дейін жеткізуге уақыт күтпепті. Бұл қалмақтан елін қорғаған қазақ батырлары туралы көркемдік дәрежесі биік, оқыған адамға оқиғасы түсінікті, тілі жеңіл, әсерлі жыр. 187 беттік бұл шығарма да 1962 жылы арабшадан қазақшаланыпты. Апайдың арманы – осы мұраларды жариялатып, халыққа тарату еді. Бүгінде бақилық болған асыл аға мен апаның осы жолда қыруар шаруа тындырғаны елге өнеге боларлықтай. P.S. Тоқсаныншы жылдардың басында Сәнду апа қызы Салтанат екеуі Оралға арнайы келіп, Мұстафа ағадан қалған көп маңызды материалды облыстық өлкетану мұражайына өз қолымен табыс етті. Ақмаржан ТАУБАЕВА, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сарғайған хаттар сөйлейді Төмендегі хаттар баспасөз бетінде тұңғыш рет жарияланып отыр. Мұнда 1979-1980 жылдары Орал облысы, Жәнібек ауданындағы Свердлов кеңшарында Мұстафа Ысмағұловтың көмегімен ашылып, жұмыс істеген жергілікті өлкетану музейінің ұйымдастырылу тарихы сөз болады. Біз хат мәтінін әдейі өзгертпей, сол күйінде ұсынып отырмыз. Әйткенмен, оқырман қауым Мұстафа ағай дәріптеп отырған тұлғалардың «атеист» деген анықтауышынан жатырқап қалмасын. Бұл айтулы алаш тұлғаларын насихаттау жұмысын советтік идеология талаптарына сәйкестендіру үшін жасаған ағамыздың айласы деп түсінсек керек. Бұл құжаттарды журнал редакциясына ұсынған – М.Ықсанов қорының төрағасы, ардагер Асқар Атаев ағамыз. Халық депутаттары Свердлов Советінің преседателі Закарин Сансызбай жолдасқа Я.М.Свердлов атындағы совхоздың директоры Уәлиев Аманкелді жолдасқа Өткен күзде (1978ж.), одан бұрын Ғаббасов Башай жолдаспен көктемде барғанымда да «совхозымызда музей ашамыз деген ойымыз бар, мына альбомды жасаттық» дегендеріңіз әлі есімде. Мен сол кезде пікірлеріңізді қостасам да, өзімде қандай қадірлі, қастерлі баға жетпес тарихи, әдеби, мәдени, ғылыми мұралар барлығын тіс жарып айтқан жоқ едім. Өйткені 39 жыл бойы (1940 жылдан бастап) жинап, сақтап, әртүрлі папкаларға бөліп қойған, түрлі-түрлі тақырып бойынша жіктелген деректерді қайта бір қарап шыққым келді. Құр лепірме түрде жауапсыздық жасамай, өз сөзіме өзім, әбден шамасын біліп айтайын деп ойландым. Қолымдағы мұралар 1902-1921 жылдарды Я.М.Свердлов атындағы совхоздың жерінде халық ағарту үшін және атеистік насихат, үгіт таратуға атсалысқан, сол кездегі қазақтың ұл-қыздарын оқытқан, тарихи, әдеби, мәдени, журналистика, педагогика мәселерімен шұғылданған Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашев, Нұғыман Зәлиев, Ғазиз Мұсағалиев, Елеусін Бұйрин, Паңгерей Ақсартов, Закария Ерғалиев т.т. туралы еді. Жоғарыда аталған ағартушылар, атеистер туралы деректерді, документтерді Ленинград, Москва, Қазан, Уфа, Астрахань, Орынбор, Ташкент, Шымкент т.т. қалалардағы архивтардан, кітапханалардан, музейлерден, жеке адамдардан 39 жыл бойы демалысқа шығып, арнайы іздеп, көздің майын, табан терімді аямай, қазір 65 жасқа келсем де, 39 жыл ішінде ауырып, сырқаттанып жүрсем де курортқа бір бармай, 40 мың сомдай өз қаражатымды жол жүруге, қонақ үйге, сүретке түсіруге, ксеро, электро көшірмелерге төледім. Мен атақ алуға ғана емес, айлыққа, шәйлыққа қызықпастан іздедім, жинадым. Мен КГБ органдарынан жұмыстан босағанымда туған халқымыздың ардагер азаматтарынан ағартушы, атеист, ақын, ғалым, публицист болғандарының қалдырған мұраларын іздеу, жинау үшін кеттім. Атаққа, лауазымға құмар болсам бұндай іс істелмейтініне көзім жеткесін осылай істедім. Енді сіздер ауданмен ақылдасып, болашақ Қазақ ССР-ның 60 жылдық торқалы тойына дейін және қазақ халқының Россияға қосылғанына 250 жыл толу қарсаңында музей ашуды шын қолға алсаңыз, онда ең әуелі керегі: 1) 18-20 бөлмелі үй керек. 2) жағалай жарға таяп қоятын 80 және беті әйнектелген 80 сөре (журнальный столик) керек. 3) Әр бөлмеде экспозицияларды жайнатып, стенділерге қадап, жапсырып қою үшін - 80 стенд жасау үшін материалдар: ағаш, плестиглаз, пенепанст т.т. керек. 4) Портреттерге әдемі рамалар, әйнектер, сыр керек. 5) Музейге фото, кино аппараттар керек. 6) Фото, кино пленкалар керек. 7) 4 жолды магнитофон керек. 8) Сапалы магнит ленталар, футлярлары керек. 9) Диктофон кассеталарымен керек. 10) Музейге арналған үйдің терезелері темір торлы, есігі темір болу керек. 11) Экспозицияларды, құнды (қастерлі) мұраларды сақтауға 2 темір шкаф керек. 12) Сирек кездесетін кітаптарды сақтауға 3 ағаш шкаф керек. 13) Кеңсе столдары керек, орындықтарымен. 14) Қағаз басатын машинка керек: қазақ және орыс тілінде. 15) Ел аралап жүріп экспозицияларды көрсететін спецмашина керек. Қазір ондай машиналар жасалып жатыр. 16) Музейдің директоры, 3 аға ғылыми қызметкері, 1 күзетшісі, 1 машинистка-кітапханашысы, 1 фотограф-киноаппаратшы (механик), 1 шофері болған дұрыс, 1 художник оформителі болу қажет. Егер музейдің директоры мен өзім болсам, онда арабша оқи білетін 3 аға ғылыми қызметкерді, 1 фотографты даярлауды міндетіме аламын. Өзім бір кезде өлсем де музей өмір сүру үшін. Өзіңізге белгілі Қазақстанның ғалымдары совет дәуірінде 60 жыл бойы Шоқан, Абай, Ыбырайды ғана ағартушы деп тоқмейілсіп келді. Шынында Я.М.Свердлов совхозы жерінде 19 жылдың ішінде ХХ ғасырдың басында 7 ағартушы, атеист болғанын мен тиісті деректермен дәлелдеймін. Бұл зор мақтан! Бұл менің 39 жыл бойы іздегенім мен зерттегенімнің жемісі! Осы коммунистік ар-ұят, ожданыммен дәлелдеймін. Ұятқа қаламын деп ойламаңыздар. Қорықпаңыздар! Рахметолла Егізбаевпен де ақылдасыңыздар? Маған 3-4 бөлмелі пәтер даярлаңыз Жақсыбайдың жағасынан. Музейге арнаған үйді батарея, трубалармен қыздыру керек (көмір жағып). Осы хатыма тез жауап қайырыңыз? Осындай бір күрделі істі қолға алайық?! Коммунистік сәлеммен Мұстафа ЫСМАҒҰЛОВ 13 июнь 1979 жыл Адрес: 480051 город Алма-Ата 51, Заводская улица д. 21 Исмагулову Мустафе Шамбиловичу Қазақстан Компартиясы Жәнібек аудандық комитетіне Халық депуттары аудандық Советіне Свердлов совхозында қазақ атеистері мен ағартушыларына арнап музей ашу туралы ұсынысқа байланысты совхоз дирекциясы мен селолық Совет атқару комитетінен ХАБАРЛАМА Біздің жерлесіміз Қазақ ССР ғылым академиясының мемлекет және заң институтының аға ғылыми қызметкері Ысмағұлов Мұстафаның қазақ атеистері мен ағартушыларына арнап совхоз орталыгынан музей ашу туралы ұсынысын біз қолдаймыз және қазірдің өзінде бұл жөнінде шаралар алынып отырғанын хабарлаймыз. Күні бүгін музейге арнап 18 бөлмесі бар 60 орындық үй босалып және оны жеңіл жөндеуден өткізу үшін құрылысшылар бригадасы жасақталды. Музейде істейтін қызметкерлер үшін тұрғын үй берілетін болады. Оны тиісті мамандығы бар кадрлармен де қамтамасыз ету мүмкіншілігіміз бар. Алайда, музейде қажетті сейфтер, темір шкафтар, кино-фотоаппараттар, мебельдер, машинкалар, сөрелер т.б. заттармен қамту үшін, сондай-ақ музейдің штатын ұстау үшін шаруашылық өз қаражатын жұмсауға правосы жоқтығын, оны тек облыстағы тиісінше жоғарғы органдар арқылы шешімін табуға болатын мәселелер екендігін сіздердің қатеріңізге салуды жөн деп есептейміз. Совхоз директоры: А. Уәлиев Свердлов селолық Советі атқару комитетінің Председателі: С.Закарин

Бөлісу: