Егемен ?аза?стан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-11-03:

“АЛТЫН ДОМБЫРА”

Атырауда белгілі күйші Әзидолла ЕсҚалиев атындағы республикалық күйшілер сайысы өтті

 

ӘЗАҒАНЫҢ ӘЛЕМІ. Салалы он саусағымен қоңыр домбыраның қос шегі­нен күй күмбірлеткен Әзидолла Есқа­лиев­ті өнер сүйер қауымға таныстыру артық­тау болар. Дегенмен, бұл күндері қазақ күй өнерінің бастауында тұрған өнер май­­тал­­маны жұртшылыққа қалай танымал болып еді? Бір сәт өткенге көз жіберіп, осы сауалға жауап іздеп көрсек, халық әр­тісі күй өнерінен еш ажырамағанын аңға­ра­мыз. Алматыда өткен студенттік жыл­дар­да күйші Сәмиғолла Андарбаев қария­ның шаңырағында Әзидолла Есқалиевпен бірнеше рет кездескен едім. Сонда саңлақ күйшінің: “Дина шешеміздің көзін көрдік, Ахмет Жұбановтың дәрісін тыңдадық” дегенін естіген едім. Ендеше Құрман­ғазы­ның теңіз толқынындай буырқанған күй­лерін кеңінен насихаттап, өзі де бірнеше күй шығарған Дина шешеміз болса, осын­дай біртуар өнер адамының жолын жал­ғас­тырған Әзидолла Есқалиевтің осал болуы мүмкін бе, еді, сірә!

 Жастайынан өнерге, соның ішінде домбыраның шанағынан төгілген күйдің тылсым сырларын меңгеруге бейімі бай­қал­ған күйшінің таланты 1957 жылы-ақ жарқ етіп танылған еді. Осы жылы Жас­тар мен студенттердің ІV дүниежүзілік фес­­­ти­валінде өз өнерімен баршаны таң­ғал­дырып, “Алтын медаль” иеленуі ел ме­рейін тасытқан еді. Өзінің де мерейі тасы­ды, абыройы аспандап тұрды сол сәт. Со­дан бергі жарты ғасырдан астам мерзімде қолынан домбырасын тастамай, өнерге деген адалдығын дәлелдеді. Домбыраны жансерігіне балады. Домбырада ойнау шеберлігіне қаншама шәкіртті баулыды десеңізші. Әрбір күйдің ерекшелігіне орай Әзидолла Есқалиевтің домбырада орын­даушылық машығы бөлек. Қолына домбыра ұстаса, қос пернеден күйдің өзі төгіліп қоя беретіндей әсерге бөлейді. Бұған жұртшылық Жамбыл атындағы мем­лекеттік филармония, “Қазақ­кон­церт” бірлестігі, Құрманғазы атындағы ака­­демиялық халық аспаптар оркестрі ұжымы құрамында өнер көрсеткенде талай мәрте куә болған еді. Күйшінің дом­бырада орындаушылық шеберлігінің өзгешелігі сол, тыңдаушысын күй күм­бірінің тылсым иіріміне еріксіз еміндіреді.

“АЛТЫН ДОМБЫРАНЫ” КІМ ИЕ­ЛЕН­ДІ? Бұл сайыс биыл бірінші рет ұйым­дастырылды. Әзаға-Әзидолла Есқа­­лиевтің 75 жасқа толу мерейтойына орай дегенмен, мұның жастарға берер тағы­лым­дық мәні айрықша екенін айтсаңшы. Содан болуы керек, оған қатысуға тілек білдірушілер аз болмады. Еліміздің әр өңірінен 26 үміткердің күй орындау шеберлігін көрнекті сазгер Еркеғали Рах­ма­диев бастаған, Қаршыға Ахмедияров, Айтжан Тоқтаған, Тұяқберді Әмелов, Кә­ри­ма Сахарбаева, Ғизат Әдепқалиев, Ер­мек Қазиев, Өтеген Ғұбайдуллин-сынды өнер тарландары қостаған қазылар тал­қыға салды.

Сөйтіп, “Алтын домбыра” республи­ка­лық күйшілер сайысының бас жүлдесін Нұржан Тәжікенов еншіледі. Ол Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының 1 курс студенті екен. Ал бірінші жүлде астаналық Алтай Қып­шақ­баев пен алматылық Сәбира Би­батыро­ва­ға бұйырды. Екінші жүлденің иесі –Жұ­ма­бек Қадырқұлов (Маңғыстау) пен Арай­лым Шалабаева (Атырау) және Қуа­нышбек Мұханғалиев (Алматы). Үшінші жүлде төрт үміткерге –Шыңғыс Исаевқа (Алматы), Аманжол Самықовқа (Шығыс Қазақстан), Талап Хамзинге (Ақтөбе), Болат Долдашевқа берілді.

– Қатысушылардың қай-қайсысы да осал емес. Сондықтан да қатысушылар дайын­­дығының жоғары деңгейде болып, лайықты өнер көрсетуіне көңіл аударыл­ды. Болашақта бұл байқауды екі-үш жыл­да бір рет өткізіп тұру қажет, –деді қазы­лар алқасына төрағалық еткен өнер тар­ланы Еркеғали Рахмадиев.

КӨРШІЛЕРДІҢ ҚҰРМЕТІ. Күйші өнерін көршілес Ресейдегі қандастар да құрмет тұтады екен. Оған осы жолы тағы да көз жетті. Күй атасы –Құрманғазы мәңгілік тыныстаған Алтынжар ауылында (Астрахань облысы) Әзидолла Есқалиев атындағы “Алтын домбыра” республи­ка­лық күйшілер сайысының жүлдегер­лері­нің өнеріне шөліркеген қандастардың қуа­ны­шында шек болмады. Ә. Есқалиев бастап барған қазақстандық өнер қайрат­керлері мен жас өнерпаздардың көрші елге сапарын ұйымдастыруға Астра­хан­дағы “Жолдастық” қазақ қоғамының төр­ағасы Никита Ысқақов, Володар ауданы басшысының орынбасары Вера Ти­мофеева, Алтынжар ауылының басшысы Ғафур Досов, Құрманғазы мәдениет ке­ше­нінің директоры Нұржан Медетовтер атсалысты. Күйшінің кіндік қаны тамған Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан Тәкешев бастаған жерлестерінің де құр­меті ерекше болды.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

 

ҚОС ДҮЛДҮЛДІ ЕСКЕ АЛДЫ

 

Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен ғасырдың дүлдүл әншілері, әрі әншілік өнердің бір-бір шеберлік мектебін қалыптастырған айтулы тұлғалар Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің ғасырлық тойларына арналған ән кеші өтті.

Ғарифолланың Мұхиттың ән мектебінің дамытушысы, ал Жүсіпбектің Арқаның ән мектебінің жалғастырушысы болғаны бәрімізге белгілі десек, бірі жүз беске, енді бірі жүз жасқа толып отырған екі әншінің де қазақ ән өнерінде алатын орны зор. Әншілердің тұтас буынын тәрбиелеген дарабоздар көзі тірі кездерінде атақ-даңқтан да кенде болмаған. “КСРО халық әртісі” деген сол кездің ең жоғары марапатын иеленген қос әнші өткен ғасырдың екінші жартысынан былай қарай қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы, сол кездегі эстрада және цирк училищесінде тізе қосып еңбек еткен, өнердегі жолдарын тоғыстырған. Осы оқу орнында дәстүрлі әншілер тобын тәрбиелеген. Сол айтулы ағаларының тәрбиесін алған Жәнібек Кәрменов, Сәуле Жанпейісова, Қайрат Байбосынов сияқты және т.б. өнер қайраткерлері де халыққа кеңінен танымал болды. Сондықтан да елордада өткен ән кешінде Жүсекеңнің төл шәкірті, ҚР халық әртісі Қайрат Байбосыновты жұртшылық қуана қарсы алды. Өнерсүйер қауым шын мәнінде дәстүрлі әнге шөліркеп қалған екен. Сахнаға шыққан әншілердің әрқайсысын да сүйсіне тыңдады.

Астана қалалық филормониясы ұйымдастырған кеште өнерпаздарды Нұрлан Хамзиннің жетекшілігімен “Сары­арқа” ұлт аспаптар ансамблі сүйемелдеп отырды. Сонымен қатар, ансамбльдің жеке орындауында Тәттімбеттің, Еспай­дың, Өскенбайдың күйлері тыңдаушыларды өнер құды­ретіне тәнті етті. Бұл кеште Секен Сыздықов, Света Мырза­баева, Ербол Сарин, Гүлнәр Абдолла, Телман Нұр­тай, Гүлмира Сарина, Айгүл Елшібекова, Айтбек Нығыз­баев сынды жас әншілер де өз өнерлерін көрсетті. Тек көңілге көлеңке үйірген бір жәйтті де жасырғымыз кел­мейді. Әдетте өнер жолын енді бастаған эстрада “жұлдыз­дарының” концерттерін Конгресс-холлда өткізіп, билет­тері 3 мыңнан 30 мыңға дейінгі аралықта сатылады. Сондайда залда ине шаншар орын болмайды. Ал, қазақ­тың қайран өнерінің насихаттаушысы кемдігінен, оны тыңдайтын құлақ пен түсінетін жүрек те азайып барады. Жоғарыда айтып өткен концерт те дәл солай өтті. Залға жиналған қауым да ала-құла болды. Оның үстіне залдың жартысы бос тұруы да біраз жәйтті айтып тұрғандай. Иә, дәстүрлі өнеріміз қамқорлыққа зәру екендігі тағы да байқал­ғандай...

Айгүл СЕЙІЛОВА.

 

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНДЕГІ БІР ДӘНЕКЕР

 

Құрылтайшылары екі елдің – Қазақстан мен Түркия азаматтары болған оқу ордамыз өлкеміздегі алғашқы қор университеті болып табылады. Университетіміз (лицензия АБ №0026233, 30 желтоқсан, 2005 жыл) құрылған күннен бастап Қазақстан Республикасынан, Түркиядан, Түркі әлемінен келген жастарды қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялық жетістіктерді қолдана отырып, жалпыға ортақ мемлекеттік стандарттар негізінде біліммен қаруландырып, іскерлік карьераға тәрбиеленген, әрі шет шілдерін жетік меңгерген, экономика саласында әлемдік әдіскерлік үлгіден хабардар мамандар дайындауда. 2008-2009 жылы алғашқы 156 түлегін Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпіріне ұшырып та үлгерді.         

Оқу ордасы қазіргі заманға сай әдіс-тәсілдердің көмегімен жаһандық білім жүйесін жастарға ұсынуды, студенттердің психологиялық-әлеуметтік дамуын қада­­ғалауды, қоғамның ұлттық және мәдени дамуына үлес қосуды негізгі мақсат ре­тін­­де тұтынған.

Аталған университеттің “Шет тіл­дер”, “Тарих және дінтану”, “Туризм және коммуникация”, “Экономика және басқару” секілді факультеттерінде эконо­мика, менеджмент, есеп және аудит, мар­­кетинг, информатика, туризм, жур­на­листика, тарих, дінтану, шет тілі, аударма ісі мамандықтары оқытылуда.

Университеттің академиялық құры­лымында: Күлтегін атындағы ғылыми-зерттеу институты; Тіл үйрету орталығы; инновациялық-технологиялық және тестілеу орталығы және Алматы Түрік-Қазақ гуманитарлық және техно­ло­гия­лық колледжі бар болса, “Аударма ісі”, “Тарих” мамандықтарынан магистратура жұмыс істеуде.

Биылғы жылы университетте оқитын студенттердің 15-і Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік грантымен, 275 студент - университет грантымен және 485 студент университет жеңілдіктерімен оқуда. Осы орайда демеушілер 2008-2009 оқу жылында гранттар мен жеңілдіктер үшін 500 мың АҚШ долларын жіберген. Әлемдік дағдарыс кезіндегі осы гранттар мен жеңілдіктер еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз. Ең қымбатты қызметтің адамға, жастарға деген қызмет болғанына сеніміміз мол.

 Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің пайдалану алаңында 300 адамға арналған 6 қабатты екі ғимарат қазіргі технологиямен жабдықталған жатақхана салынуда. Онда асхана, кітапхана, үлкен конференц-зал, жабық спорт залы, қызметкерлер үшін қонақ бөлмелер мен студенттер демалатын бөлмелер болады. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың соңына дейін өз жұмысын бітіріп, құрылыс объектісі жаңа жылға дейін жоспарға сай іске қосылады.

Атқарылған ғылыми іс-шараларға тоқталатын болсақ, 2005-2009 оқу жыл­дары аралығында 6 халықаралық, 8 ұлттық ғылыми-практикалық және 4 студенттік ғылыми-практикалық кон­ферен­циялар өткізілді. Бұл конферен­цияларға танымал ғалымдар мен маман­дар қатысып, баяндамалар жасады.

Әлемдік дағдарыс кезеңінде Шет тілдер және іскерлік карьера универ­ситеті жастарға арналған әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктерімен бірге екі ел арасындағы мәдениет пен білім-ғылым саласындағы көпірдің тағы да бір озық үлгісі болып отырғанын атап айт­қым келеді. Әлем жаңалықтарын қазақ жастарына жеткізу, Қазақ­стан­ның жетістіктерін әлемге таныстыру бағы­тындағы атқарып жатқан игі істеріміз жұртшылық тарапынан қолдау табады деген үміттеміз.

Сабри ХИЗМЕТЛИ, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат