«Рауан» газеті туралы

"Рауан" газеті туралы«Рауан» газеті туралы

1985 жылы 1 шілдеде Бейнеу аудандық газетінің ең алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл — жаңа ортада қызмет бастаған қаламгерлер үшін де, осы өңірдегі қалың оқырман, Бейнеу ауданының халқы үшін де елеулі тарихи оқиға, ерекше жаңалық болған еді.

Газет алғашқы ашылған кезде «Ленин жолы» аталды. Бас редактор ақын Айтуар Өтегенов. бұрын көршілес Жылыой ауданындағы газетте еңбек еткен тәжірибелі журналист, жоғарғы партия мектебін бітіріп келгеннен кейін Бейнеу ауданындағы жаңа газетті басқару қызметіне тағайындалыпты. Ал редактордың орынбасары Хабидолла Махутов облыстық «Коммунистік жол» газетінің Бейнеу ауданы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет істеген, сатирик журналист. Жауапты хатшы Шетпеде тұратын өлкеміздің мықты қаламгері, сазгер Талғат Атшыбаев, одан кейін Қыдырбай Тұрмағанбетов, кейін Бірғали Байекеев болды. Экономика бөлімінің меңгерушісі Серік Рзаев, әлеуметтік сала-еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі болып Айнахан Есетова, ал осы екі бөлімнің тілшілері Сансызбай Естеков пен Сали Адай, радио хабарларын жүргізетін тілші Сатыбалды Қадіров, фототілші Жүсіпбай Жұмағалиев, есепші Рысты Қуанспекова, хатшы Базаргүл Қонысова, хат тасушы техникалық қызметкер Айсұлу Мұханова, жүргізуші Дат Дүйсалиев, жауапты шығарушы Роза Тумышова барлығы он төрт- он бес адамнан тұратын шағын ұжым бір үйдің адамындай, бір кісінің баласындай еді. Газет жанынан Қашаған Күржіманұлы атындағы әдеби бірлестік ашылып, оған Уәйіс Қайралапов, Әбдібек Жаманбаев, Қаржаубай Жылқыбаев секілді үлкен ағалар да, Сабыр Адай, Бақытжан Қосбармақов, Сағындық Рзахметов, Рахат Қосбармақов, Нұрмұхамбет Боранбаев секілді жас ақындар да мүше болды және олардың күн құрғатпай іздеп келетін орыны аудандық газеттің редакциясы еді.

1990 жылы газеттің «Ленин жолы» атауы өзгеретін болды. Оның бір себебі сол кезде біздің облысымыз таратылып, Атырау облысының құрамына кірді. Атырау облысының бір ауданының газеті «Ленин жолы» аталады екен. Сол себепті ат өзгерту кейін ашылған біздің газетіміздің үлесіне тиіпті. «Рауан» атауын ұсынған газет авторларының бірі, домбырашы ұстаз Әжіғали Ағысбаев болатын. Сөйтіп бес жыл бойы «Ленин жолы» атауымен шыққан газет 1990 жылдың бірінші шілдесінен бастап «Рауан» болып қалың оқырманға жол тартты. Бұл шын мәнісінде жақсылықтың нышаны болды. Халқымыздың ғасырлар бойы армандаған ақ таңымен бірге Отанымыздың бір бөлшегі Бейнеу ауданы да жаңа өмірге қадам басты. Міне осы жылдарда бүкіл еліміздегі сияқты газет біткен тұралап жатқан шақта «Рауан» да қаржы қиыншылықтарын бастан кешті. Көптеген аудандардың газеті жабылып қалып жатқанда аудан әкімі Басшы Әзірханов «Рауанның» сәулесін өшірмеу үшін ұдайы қолдау көрсетті, аудандық газеттің шын мәніндегі жанашыры болды.

2003 жылы «Рауан» газеті редакциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды.Әр кезеңдерде орын алған қиындықтарға қарамай редактор Сали Адай, журналистер Кәрісбай Әділ, Гүлзира Ботабаева, фото тілші Беркімбай Гарабаев, газеттің дизайнері Тұрым Қойлыбаев газет шығарудың «ыстығына күйіп, суығына тоңды».

«Рауан» газеті 2013 жылы «Маңғыстау-Медиа»ЖШС-ның құрамына еніп, қызметін жалғастырып келеді.

2013-2014жылдарда Амангелді Майлан редактор, 2014 жылдан бастап қайтадан Сали Адай редакторлық қызметін жалғастыруда. Редакция тілшілерінің құрамында: Айнахан Есет, Кәрісбай Әділ, фототілші Беркімбай Гарабаев қызмет жасап жүр. Газет оқырмандарының саны аз емес. Биыл,яғни 2016 жылы 1171 тиражбен шығып тұр.

Бір сөзбен айтқанда, отыз жылдан астам ғұмырында «Рауан» аудан өмірінің айнасы болып келеді. Оның әр санында үстірт үстіндегі ел дамуының тарихы баяндалып,сыр шертеді. Бұл іс жалғаса бермек. Аманкелді Майлан редактор болды. Аудандық газеттің әр саны аудан өмірінің тыныс тіршілігін, түбегейлі жаңарып, дамып өркендеген Берекелі Бейнеудің әр жаңалығын баяндап хаттауда.

«Рауан» газетінің қазіргі құрамы:

"Рауан" газеті туралыБеркімбай Гарабаев  — редактор

"Рауан" газеті туралыӘділ Кәрісбай — тілші

"Рауан" газеті туралыЕсетова Айнахан – тілші